Несие алғанда неге көңіл бөлу керек?

Бүгінгі таңда күнделікті пайдаланатын түрлі құрылғылардан бастап, басымыздағы үйімізге дейін несиеге алынған. Тіпті, біздің кейбір ағайындар несие алып той жасайды деген де халық арасында сөз бар. Несие әрбір жеке қазақстандық пен бірге мемлекетіміздің де басынан айналып өткен емес. Бірақ біз бұл жолы ол тақырыпқа бармаймыз, жеке тұлғаға несие тұрасында экономистердің кеңестерін ұсынбақшымыз.

Әрбір үшінші адамның несиесі бар

Бірінші несиелік бюро сараптамалық орталығының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 5,1 миллионға жуық адамда несие бар. Оның  ішінде 2 несиесі бары   1,2 миллион адам  25% болса, 3 несиесі бары 325 мың адам 6,3%,  ал 2%  мыңдай адамның төртен көп несиесі бар екен.

Несиенің Ипотекалық, тұтынушылық, автонесиелеу, кепілсіз несие сияқты түрлері кездеседі. Ипотекалық несиенің қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Бұл материалда тұтыншылық несие тұрғысынан сөз қозғаймыз. Өйткені,  қазіргі ең қолжетімдісі де, ең көп таралғаны да осы тұтынушылық несие.


Несиенің пайыздық мөлшері неге жоғары?

Біздің елде әрбір үшінші азаматтың  несиесі болғанымен, несие алушылар да экономистер де Қазақстанда екінші деңгейлі банктердегі несиенің пайызы жоғары екенін айтады. Экономист, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан: «біздің елде несиенің пайызы әрине жоғары. Біріншіден, бізде тәуекелшілдік басым. Екіншіден, ақшаның құнсыздану деңгейі жоғары, несиенің пайызы ақшаның құнсыздану деңгейінен төмен болмау керек,» – деп еліміздегі банктердің несие пайыздарын жоғары есептейтіндігін айтты. Экономист Мақсат Халық та елімізде несиенің пайыздық мөлшерлемелері өте жоғары екенін айта келіп,  оның себептеріне де тоқтала кетті: «біріншіден, біз дамушы ел болғандықтан ақшамыздың құнсыздану деңгейі жоғары. Сондықтан банктер де ұзақ мерзімге несие берерде мүмкіндігінше жоғары пайыздар қоюға тырысады. Екіншіден,  Ұлттық банкте екінші деңгейлі банктерге жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемені 56%-ға дейін қоюға заң бойынша рұхсат берген. Үшіншіден, әрі осы ең негізгісі қайтарылмаған мәселелік ниесиелердің көп болып кетуі. Статистика бойынша әрбір несие алған 3 адамның біреуі несиесін қайтармайды екен. Ал банктер өз кезегінде қайтарылмаған несие шығынын пайызды жоғары қою арқылы қалған екі ұқыпты төлеушілерден қайтарып алуға тырысады». Демек, несиенің пайызының жоғары болуына банк пен мемлекеттің экономикалық саясаты ғана емес, өзіміздің де қаржылық сауаттылығымыз   қатысты екен.


Несиені қай мақсатта алған жөн?

Несиені қай мақсатта алған жөн деген сұраққа экономист Мақсат Халық: «Қазақстандықтар тұтынушылық несиесін жиі пайдаланады. Шын мәніде  несиенің қай түрі болса да оған әуес болмаған жөн» деп ескертсе, Қоғам қайраткері, экономист Мұхтар Тайжан: «несиені тек қаржылық мақсатта, бизнес үшін ғана алу керек. Тұтыншылық мақсатта несие алмауға тырысу керек. Бизнес үшін тиімді болса алуға болады, мен өзім бірнеше рет алғанмын,» – деп өзін мысалға келтіре отырып, масатты түрде кәсібін өркендетпек болушыларға несиеден қашудың керегі жоғын ескерте кетті. Бірақ, біздегі несие алушылардың басым бөлігі тұтынушылық мақсатта алатындықтан, Мақсат Халық мырзаның сөзімен айтқанда алмақтың да салмағы болатынын ескере жүрген жөн болар.


Несиелік каникул деген не?

Несие алып өз уақытында қайтара алмайтындардың да аз еместігі айтылды. Оның себебі несиені мақсатсыз алғаны және несие аларда өз шама-шарқын дұрыс бағамдай алмағанынан болса керек. Сонымен бірге, азаматтардың қаржылық сауатына да байланысты. Бұл туралы Мақсат Халық: «Азаматтарымыз несие алғанда қуанып кетіп жатады. Олар істеп жүрген жұмыстары тұрақты болып тұрады, алып жүрген айлықтары тұрақты болады немесе тіпті өседі деп сеніп несиені ойланбай ала береді. Ал әлемде болып жатқан жағдайлар біз сияқты экономикасы бар мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тікелей әсерін тигізіп жатады. Оның салдарынан жұмыссыздық көбейеді, әлгі сенімді азаматтарымыз аяқ астынан жұмыссыз болып, несиесін төлей алмайтын жағдайларға тап болады. Осындай жағдайларда азаматтарымыз банкке барып жұмыссыз қалғанын растайтын анықтаманы көрсету арқылы несиелік каникул ала алатынын білмейді. Сөйтіп несиенің негізгі қарызы одан әрі өсіп, өзі несие төлеуден қашып жүріп, коллекторлық компаниялардың қысымына ұшырайды,» –  деп бұның барлығы азаматтарымыздың қаржылық сауаттылығының төменгінен болады деді.


Экономистың кеңесі

Экономист Мақсат халық несие алу керек болған жағдайды, ескеруге қажетті кеңестерді де айтып өтті: «бірінші кеңесім несиеге құмар болудың қажеті жоқ. Мүмкіндігінше алмауға тырысу. Несиені той жасау үшін алудың тіптен қажеті жоқ. Жақыныңызға ота жасату үшін ақша керек болса ғана сіз алуға зәру боласыз, дегенмен келесідей несиені алудың тиімді жолдары бар: несиенің пайыздық мөлшерлемесінің екі түрі болады: атаулы пайыздық мөлшерлеме және тиімді пайыздық мөлшерлеме. Атаулы пайыздық мөлшерлеме жарнамаларда , банерлерде көрсетілетін қаржы менеджеренің ең бірінші кезекте біз осындай пайызбен несие береміз дегенде атап көрсететін пайыздық мөлшерлеме болып табылады. Ол әдетте аз болып көрінеді сосын көп азаматтар несиені алуға келісімін беріп қояды. Сондықтан бірінші кезекте сіз тиімді пайыздық мөлшерлемені сұрағаныңыз дұрыс. Ол нақты пайызы болып табылады. Өкінішке қарай тиімді пайыздық мөлшерлеме қанша деп қазақ тілді азаматтар мүлдем сұрамайды екен. Сіз бірнеше банктен тиімді пайыздық мөлшерлемесін сұрап көресіз де қайсы банктікі төмен сол банкпен қорықпай несие келісім шартын жасасаңыз болады.

Кейін келісім шарттың өзіне несие расталды деп әр бетіне риза болып қол қоя берудің қажеті жоқ. Келісім шартты оқып шығу керек. Мәселен, ол жерде мынадай тармақша болуы мүмкін «егер жылдық инфляция деңгейі 10 пайыздан асатын болса, банк несие шарттарын қайта қарастырады» деген. 2015 жылы жылдық инфляция 13,6 пайыз болды сонда аталған тармақшасы бар келісім шартқа қол қойған азаматтардың несие пайыздары қайта қарастырылып несие көлемін ұлғайтып алды. Ондай сөзді көрсеңіз, тіпті келісудің қажеті жоқ.

Әдетте қаржы менеджері «сіз несиеңізді қалай қайтарасыз ануитеттік жолмен бе, әлде тең бөліп төлеуді(равными долями) таңдайсыз ба? » деп сұрақ қояды. Онда бірден егер ұзақ уақытқа алып жатсаңыз, тең бөліп төлеуді таңдаймын деп айтыңыз. Егер шартты түрде 1000 000 тг алған болсаңыз, сіз шамамен 200 000 мың теңгеге ұтасыз. Көп кісілер ануитеттік жолды таңдайды, себебі ыңғайлы жасап қойған ай сайын 50 000 тг төлеп тұрамын бұл маған жақсы деп осыны таңдайды, бірақ ұтылады. Себебі бұл жолда борышкер бірінші кезекте несиенің пайыздарын төлейді, сосын ғана негізгі қарызды төлейді. 1000 000 тг алып, бір жыл бойы төлеп, аяқ астынан ақшалы болып әй осы несиемді жауып тастайыншы деп барып сұраса, банкте әлі де 1 000 000 тг жуық қарызы бар болып шыққан көп таныстарым болды. Ал тең бөліп төлеудің артықшылығы сол егер 25 000 тг пайызды жапса, қалған жартысы негізгі қарызды өтеуге жұмсалады. Нәтижесінде, сізде бір жылдан соң ақша табылса, несиеңізді жабуға, сіздің қарызыңыз 700 000 мыңның шамасында болады. Сіз бұл жерде де ұтып шығасыз. Тек бұл өтеу кестесін әдейі ыңғайсыз жасап қойған, ай сайын әр түрлі төлем етіп қояды».

Экономистер ескерткен қаржылық қиындық пен тұрмыстық қажеттілікті шешудің жолы несие емес екендігін ескерген дұрыс. Егер несие алып жатсаңыздар, осындағы экономистердің кеңестері керектеріңізге жараса игі. Біздің тілеуіміз бір қазақ болса да қарызсыз болса дейміз, қарызсыз болу үшін де қарыз алсаңыз да қаржылық сауатты болғаныңыз жөн. Әр азамат өзінің қаржылық сауатын арттыра берсе, біздің әлеуетіміз артып, дәуелтіміз көбейе бермек.


Тұрдыбек ҚҰРМЕТХАН

Дереккөз: jebeu.kz


®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Несие алғанда неге көңіл бөлу керек?
Тұрақты сілтеме: /A_ekonomika/2017-12-31/993.html